“Қағазсыз” емханаға көшу

 Сәуір айынан бастап №4  Атырау қалалық емханасында науқастарды қағазсыз қабылдайтын болады. Яғни, амбулаториялық карталар және тағы басқа дәрігерлік жазбалардың бәрі электронды нұсқамен толтырылады. Медициналық құжаттарды қағазсыз жүргізу жобасынан №4  Атырау қалалық емханасы да тыс қалған жоқ. Бүгінде емхана компьютерлік техника, кеңсе техникасы, қажетті жылдамдықтағы ғаламтор желісімен жабдықталды.Сәуір айынан бері емханаға қосымша 50 дербес компьютер орнатылып, оның жалпы саны 100-ден асты. Енді жаңа сандық форматтағы мәліметтер Казмедининформ базасы арқылы бірыңғай ақпараттық жүйеге біріктірілмек. Денсаулық сақтау саласын сандық жүйеге көшіру жөнінде Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында кеңінен тоқталып өткен болатын.  Жалпы «қағазсыз емхана» бізге не береді? Науқас уақытын үнемдейді, ғаламтор арқылы өз денсаулығы жайлы ақпарат алуға мүмкіндік алады. Дәрігер қағаз жұмыстарынан арылып, медициналық көмек сапасын жақсартуға жол ашады.Бұл ауыр жағдайдағы науқасқа тез арада көмек көрсетуге зор мүмкіндік. Дәрігер үшін ем көрсетуде әр минуттың маңызды екенін ескерсек, осы сандық жүйенің маңызы зор. Алдына келген пациенттің жеке идентификациялық нөмірі арқылы оның денсаулығын біліп отырады. Бұл уақытты және қағазды үнемдейді.Қағазсыз құжат айналымына көшу аясында науқастар мен дәрігерлердің денсаулық төлқұжаттары мен жеке кабинеттері жасалады. Кабинеттен шықпай-ақ тексерулер мен анализдердің барлық мәліметтері, ауру тарихы, екпе мен вакциналауға қатысты ақпаратты, аллергиялық реакциялар мен жасалған операциялар туралы деректерге қол жеткізеді. Бұлардың барлығы цифрлық тасымалдағыштарда болады. Тіпті, науқастарға құжаттарын, суреттерін өздерімен бірге алып жүру қажетсіз болып қалады.Әр азаматтың денсаулық паспорты – негізгі интеграциялық платформа. Сол арқылы дәрігерге жазылу, жолдама алу немесе қандай да бір дәрігерлік анықтамаларды кез келген азамат үйінен-ақ ғаламтор арқылы egov порталынан алуына болады. Пациенттің, дәрігердің жеке кабинеті арқылы өзара байланыс орнатады.

                                   Директор                                                    Өтеғалиева М.Қ